Өткен жазуымда үнділердің пакорасы туралы жазыппын. Осы жолы сол елдің карриі туралы жазбақшымын )) негізі, арасында бір аптадан аса уақыт өтіп кетті, күнде үнді тағамдарды жасап жүр деп ойлап қалмаңыздар ) Осының арасында басқа да тағамдарды жасап жүрдік қой? бірақ аспаздыққа ілуге қол тимей жүрді. Ал мына нохуттан карриді ұнатқаным соншалық, одан ауыз тидім де компьютерге асықтым қалай жасағанымды жазып алайын, ұмытып қалмайын деп )) Сонымен:
- 1 консервіленген нохут
- 2 тілім сарымсақ
- 1 пияз
- 2 ас қасық томат немесе 1-2 қызанақ
- 3 ш.қ. карри ұнтағы
- дәмдеуіштер
- 1 стакан көк бұрыш
- жарты стакан қаймақ (ор. сливки)
Пияз бен сарымсақты майдалап турап майға қуырып алдым да, пияздың түсі өзгере бастаған кезде томат қостым. Егер томат орнына қызанақ қолданар болсам, оларды кейінрек қосар едім. Қатты езіліп кетпеулері үшін. Томат пен пиязды қуырып отырып бір жағынан конесервіленген нохутті ашып, суын ағызып алдым. Консервіленген нохуттың орнына, әрине, кәдімге нохут та жарайды. Ол үшін нохутты кем дегенде 1 түнге суға қойып жібітіп алу керек. Өз ыңғайыңызға қарай таңдарсыздар. Нохутты табаға салып пиязбен біраз қуырып алдым да, аздап су қосып бұқтырдым. Осы кезде күрішті жуып, тұздап және аздап сары май қосып оны бөлек ыдыста пісіруге қойдым. Нохутқа көк бұрыш пен түрлі дәмдеуіштерді қостым. Әрине бұл жерде ең басты дәмдеуіш – карри! ) Мен 3 шәй қасық қостым, бірақ негізінен көбірек қосса да болар еді. Ең соныңда жарты стакан қаймақ қосып, бәрін араластырып алдым. Осы жерде тұзын көріп алу керек, егер тұзы не бұрышы көп болса немесе карри тым қою болып көрінше тағы қайнаған судан қосуға болады. Ыстықтай жеген керемет, бірақ маған бәрінен де пісіп жатқан кездегі асүйдегі аромат ұнайды.. ммм!
Түсінгенімше, осы жерде көп елдер күнде тамақ пісірмейді екен. Бір апталық тамақты бір күнде жасап, тоңазытқышқа қойып сақтап қояды екен. Айтайын дегенім, олар сияқты жасайтын болдым емес, бұл тамақтың көпке дейін бұзылмай тұра алатындығы ) Қай жағынан қарамасаң да, өте ыңғайлы екен. Эхх, осылай жүріп бір күні вегетерианец болып кетермін…