Шашлык десе Шымкенттегі «Кема» қонақүйіне қарама қарсы орналасқан кафедегі шашлык есіме түседі. Әттең, кафенің атын ұмытып тұрғаным-ай. Неше түрлі керемет шашлык жасайтын еді сол жердегі аспаздар. Дәмін ұмытар емеспін. Тіпті ол кезде солардың шашлыктарынан үйдегілерге де дәм таттыру үшін, банкаға салып Алматыға алып кету ойым болған ^^ Бүгін сол шымкентский шашлыкты есіме алып, төмендегідей мини-шашлык жасадым. Дәмді болған сияқты.
- тауық төсі
- майонез
- кетчуп
- дәмдеуіштер
- тұз
- қалауыңызша көкөністер
- ағаш таяқшалары
Алдыменен майонез бен кетчупты араластырып, ішіне қалаған дәмдеуіштерді қосыңыз. Тауық етін төртбұрыштап тураңыз. Көкөністерді де сондай үлкендікте тураңыз. Мен тек қана көк бұрыш қосқан едім, бірақ қызанақ, жартылай піскен картоп та қосылса болады. Тауық еті мен көкөністерді маринадтаңыз. Минимум 30 минут, максимум 2 сағат. Осы кезде ағаш таяқшаларды суға жібітіп қойсаңыз, духовкаға қойған кезде олардың үсті күймейді. Тауық еті мен көкөністерді ағаш таяқшаларға тізбеліңіз. Духовка табағына фольга төсеп, соның үстіне мини-шашлыктарды тізіңіз. 180С духовкада бір жағын 20 минут пісіріп, шашлыкты аударып, тағы 15 минут пісіріңіз. Қасына салат жасалынса жақсы. Ас болсын!