Уәде еткенімдей, алдарыңызда – асқабақ құймақтары! Асқабақ қосылған тағамдар тек дәм жағынан ғана емес, түс жағынан да өте ұтымды. Құймақтар әдемі сарғыш түсте пісті. Құймақтарды қантты сүт немесе қаймақпен жесеңіз болады, бірақ шынын айтайын, ешқандай қоспасыз-ақ құймақтардың дәмі жақсы. Төмендегі мөлшерден 20 шақты құймақ шығады (әрине бұл табаның көлеміне де байланысты)
- 200 гр асқабақ
- 2,5 стакан сүт
- 2 стакан ұн
- аздап разрыхлитель
- 2 жұмыртқа
- 3 ас қасық қант
- 1,5 ас қасық сұйық май
Асқабақты аршып, суға пісіріңіз. Пюре жасаңыз. Пюреге қалған затарды қосып, араластырып, жықсылап қыздырылған табаға 1 ожаудан құйып асты-үстін пісіріңіз. Егер құймақтар табаға жабысатын болса, тағы аздап май қосыңыз. Қантты талғамыңызға қарай қосыңыз – асқабақтың өзі де тәтті болғандықтан мен 3 ас қасық ғана қостым. Піскен құймақтардың бетін жауып суытыңыз, сонда олар жұмсақ болып көпке дейін тұрады.
Асқабақты үккіштен майдалап салу керек па? немесе шырынын алу керек па? құймақтарында аскабак көрінбейді ғой?
Асқабақ туралы жазуды ұмытыппын ғой. хехе- сол асығыстық қой, асығыстық. Түзеп қойдым. Асқабақ құймақтарда көрінеді негізі, суретте көрінбей тұрған шығар. Асқабақ көрінгенімен дәмі еш сезілмейді. Езіліп піскен асқабақ болғаны үшін сірә. Шикідей үккіштен өткізіп қосуға да болады, сол кезде асқабақ сезіліп тұрады.