Тойымды бір көже. Тауық сорпасымен ғана емес, басқа ет сорпасымен де пісіруге әбден болады. Ал ет орнына көжеге ірі тәтті бұрыш турап қоссаңыз, әдемі көкөністі көже болып шыға келеді. Жасап көріңіздер – бізге ұнады.
- жарты кесе ірі булгур
- 3 тал көк пияз
- 1 сәбіз
- 3 түйір сарымсақ
- 1 ас қасық томат пастасы (немесе 2 қызанақ)
- 1 картоп
- тауық сорпасы
- тауық еті
Жарты кесе булгурды жылы суға жібітіп қойыңыз. 3 ас қасық сұйық майға майдалап туралған көк пиязды қуырыңыз. Сарымсақты майдалап турап қосыңыз. Осы кезде қуырылған пияз бен қуырылған сарымсақтың әдемі иісі мұрын жаратынын айтып қояйын =). Енді майда төртбұрыштарға туралған сәбізді да қосыңыз да, сәбіздің түсі сарғая бастағанға дейін қуырыңыз. 1 ас қасық томат қосып араластырыңыз. Енді алдын ала пісірілген тауықты майдалап турап, тауық сорпасымен бірге негізгі қоспаға қосыңыз. Қалауыңызша дәмдеуіштер қосыңыз (сорпа тұздалған болатын, сондықтан мен еш тұз қоспадым, оның есесіне 1 шәй қасық ірі қызыл бұрыштан қостым). Булгур мен төртбұрыштарға туралған картопты қойып, олар піскенге дейін көжені жай отта қайнатыңыз. Дайын көжеге аздап аскөк турасаңыз да жақсы.