neweurasia үшін соңғы рецепт – қазақтың ұлттық тағамы – майсөк! Ұлттық болғанымен ол Қазақстанның барлық жерінде біліне бермейтінін 2006 жылы айтып кеткен болатынмын. Ол кезден бері аса ешнәрсе өзгере қоймады. Неге екені өзіме де беймәлім; майсөк – өте тойымды, өте дәмді тағам. Біздің үйде майсөк әсіресе Рамазан айында оразаның ауызашар мен сәресіне жасалынатын сүйікті тағам.
Маған негізі мамамның майсөк рецепті қатты ұнайды. Соны жасамақшы едім басында, бірақ мамамның «неге Зеріп тәтеңнің майсөгін жасап көрмейсің» дегеніне көніп, нағашымызға телефон соғып мамамның үнемі мақтап айтатын рецептін жазып алдық. Төмендегі рецепт нағашы Зеріп тәтеме тиесілі.
Майсөк үшін керек заттар аз ғана: үлкен шәй кесе піскен (акталған) тары, қант, тұз, қайнаған су мен сары май (қолдың майы болса жақсы).
Тарыны орта кесеге қойып, үстіне қайнаған су құйыңыз. Су тарыны толығымен жауып тұру керек.
Енді сүзгішпен артық суды алыңыз. Осыны 3 рет қайталаңыз. Сонында тарыны аз суға 2-3 минуттай бұқтырыңыз.
Жақсылап бұқтырылған тары жұмсарып, су толығымен тартылады. 1 шәй қасық тұз қосыңыз.
Жақсылап араластырыңыз. Таза майлық/сүлгіні жайып, оның үстінде тарыны кептіріңіз.
Тарыға 3-4 қасық қант қосыңыз. Аз қанттыны жақсы көрсеңіз 2 қасықтан асырмаңыз.
Қалауыңыз бойынша май қосыңыз. Өзіме суреттегі мөлшер сәл артықтау болған сияқты. Бірақ әрине бұл да әркімнің талғамына қарай. Жақсылап араластырыңыз. Майсөгіңіз дайын! Ас болсын!
Майсөкті біздің Орал жақтағылар білмейді екенбіз. Алматыға келген соң Қызылодалық қыздардан естідім))
мені осындай «жергілікті» тағам түрлері қатты қызықтырады. Біреу Қазақстанның әртүрлі өңірлерде жасалынатын тағамдарды жинастырып кітап шығарса ғой. Бірінші болып алар едім.