neweurasia үшін бауырсақ

Бауырсақ – 130-дан астам ұлт мекендеген қазақ жерінің ең сүйікті тағамдарының бірі. Бәрінің ұнататыны соншалықты – соңғы 2-3 жылдай Алматы қаласында «бауырсақ күні» деп қыркүйектің орталарында ерекше күн атап келеді! Ол күні қалалық алаңда бауырсақтар пісіріліп, ып-ыстық күйінде халыққа ақысыз таратылады.

Қалалық мейрам үшін ұлттық тағамның арасынан бауырсақтың таңдалуы кездейсоқтық емес – сөздің түбірі «бауыр»! Яғни, бауырсақтарымыз көп ұлтты Қазақстан халқын ұдайы өзара түсіністік, бауырмалдық пен достыққа шақырады десек те болады ;) Арнайы www.neweurasia.net үшін, байтақ жерімізді мекендеген ұлттардың бір-бір тағамын жасап көрмекшімін. Бауырсағымыз соған бастама болғай! Ал, кеттік.

Дәмді бауырсақ үшін керек заттарды түгендейік: сұйық май, 1 жұмыртқа, қаймақ, ұн, құрғақ ашытқы, жылы су, қант және тұз. Қаймақты ашыған айран немесе майонезбен алмастыруға болады. Негізінен бауырсақтар әр өңірде әр түрлі жасалынады. Біздің үйде олар төмендегідей жасалынады.

Ең алдыменен ашытқыны дайындайық. Ол үшін: 6 қасық жылы суға 1,5 шәй қасық құрғақ ашытқы ерітіңіз (судың жылы болуы маңызды – қатты ыстық болса, ашытқыны күйдіріп жібереді де, ол көтерілмей қалады). Жақсылап араластырыңыз да, үстін бір кесемен (немесе басқа ыдыспен) 10-15 минутқа жауып қойыңыз. Ашытқы ескі болмаса, көрсетілген уақытта ол екі есеге көтерілуі тиіс.

Енді 1 стакан жылы су дайындаңыз. Қайнаған су болса жақсы, бірақ қайнамаған да жарай береді. Мен қолданатын стакан мөлшері суреттегідей. Суды шұңғыл ыдысқа құйыңыз.

Суға 1 ас қасық тұз қосып, араластырыңыз.

Талғамға қарай 4-5 ас қасық қант қосып араластырыңыз. Біздің үйдегілер тәтті бауырсақтарды ұнатады. Бірақ көп жерде қантты минимум мөлшерде (1 ас қасық) қосады. Қысқасы талғамыңызға қарай.

Бір жұмыртқа сындырыңыз. Қоспаға қосылатын барлық заттар бөлме температурасында болу керектігіне ерекше назар аударыңыз. Үстінен 1 ас қасық қаймақ қосып араластырыңыз.

Міне мынандай біркелкі қоспа шығуы керек.

1,5 ас қасық сұйық май қосыңыз. Май арқасында бауырсақтар көп ұн керек етпейді де, жұп-жұмсақ болып піседі. Сосын майлы қамыр жайғанға да ыңғайлы.

Осы уақытта біздің ашытқымыз көтеріліп болу керек. Көбігімен бірге қоспаға қосыңыз. Араластырыңыз.

Енді толтырып 25 ас қасық ұн қосыңыз. Әдейі қасықтап беріп тұрмын мөлшерді, артық ұн бауырсақтарды қатты қылады. Қамырды илеңіз. Үзбей 5 минуттай илесеңіз қамыр қолға жабыспайтын болады. Егер әлі де қолға жабысып тұрса, ұн қосуға асықпаңыз – одан да аздап май қосып жіберіңіз.

Беті тегіс, орта үлкендікте әдемі зуала жасаңыз.

Зуаланың бетін стречпен жауып, үстін сүлгімен жабыңыз. Осы күйінше қамыр кем дегенде 1,5 сағат жылы жерде тұру керек.

1-2 сағатта қамыр суреттегідей болып көтеріледі.

Үстелді майлап жіберіңіз да, қамырды соның үстіне түсіріңіз. Қолыңызды да аздап майлап қойып, жаңағы бір зуаланы 3-ке бөліп, домалақтаңыз.

Енді ең қызық жағы: әр домалақты кішігірім шеңбер үлкендігінде жайып, қамырдан бауырсақтарды ойыңыз. Ою үшін мен ауызы жіңішке стакан қолдандым. Үлкендеу бауырсақтарды ұнататын болсаңыз, үлкендеу форма қолдануыңыз керек. Тіптен пышақпен кесіп қойсаңыз да болады. Мысалға алматылықтар көбіне ромб формасында жасайды, Семей / Қызылорданың бауырсақтары жақта майда-майда болады.

Қалған зуалалардан да домалақтарды кесіңіз. Негізі өткір бір нәрсемен ойған жақсы, стаканымның ауызы өткір болмағаннан домалақтар аздап формасын жоғалтқандай болды.

Қазанға не болмаса табаға 2 стакандай май қыздырыңыз. Май жақсылап қызған кезде ғана бауырсақтарды пісіруіңізге болады. Майды жақсы қыздырмай салсаңыз, қамыр майды сіңіп алады да, бауырсақтар өте майлы болып піседі. Мен алдыменен бір бауырсақты салып пісіремін. Егер бауырсақ тез май бетіне қалқып, үлкейсе май жақсы қызды деп түсінем.

Бауырсақтардың алдыменен бір бетін, кейін екінші бетін қызартып пісіріңіз. Біркелкі түсте болуына аса назар аударыңыз. Үсті қызыл, асты ақ болып тұрса әдемі көрінбейді.

Әрбір дастарханның сәні мен мәні болатын бауырсақтарымыз дайын. Оларды ыстықтай (қол мен тілді күйдіріп) жеген дәмді. Қамырдың көтерілуіне бөлінген уақытты санамағанда бауырсақ жасауға шамамен 30 минуттай кетті. Жасап көріңіз!

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Мастер-класс. Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

2 Responses to neweurasia үшін бауырсақ

  1. tako айтады:

    mmm appetitno….

  2. Tolkyn айтады:

    «6 қасық жылы суға 1,5 шәй қасық құрғақ ашытқы ерітіңіз» деген мөлшер дұрыс па? Мүмкін жарты пачка шығар? Менің ашытқым көтерілмей қалды :(

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s