осыдан көп жыл бұрын Назым құрбым ескі керекинфо форумында париждегі суреттерімен бөліскен болатын. сурет әдемі бір ресторан ішінде түсірілген екен. Назым суретті баяндай келіп, сол ресторанның сарымсақты нан дәмділігін айтып қызықтырғаны есімде. иә, дәл білдіңіз: сонау кезден бері сарымсақты нан менің жасалыну керек тағамдар тізіміне ілінді да қалды. бүгін жасап көрдім. м-М-м-М! өте-Өте дәмді. бәлкім париждегілер (негізі мұндай сарымсақты нан итальян ас үйіне тиесілі) нанды менің жасағанымнан ерекше жасайтын шығар, бірақ маған сенсеңіз, төмендегілер де сұмдық дәмді. ендігіде қонақ шақырар болсам, осындай сарымсақты наннан дәм татқызу үшін әдейі сорпа жасайтын сияқтымын.
(мөлшерді 3 тілім нан мөлшерінде беріп тұрмын)
– ақ батон тілімдері
– 1 сарымсақ түйірі
– 1 ас қасық сары май
– 1 ас қасық майонез (optional)
– аздап аскөк
сарымсақты майда үккіштен өткізіңіз (ремонттан кейін көп нәрсемізді әлі таппай келеміз, сондықтан мен сарымсақты үккіштен өткізбей майдалап тұрадым) да, маймен араластырып езіңіз. майонез қосыңыз. (майонез нан үстінде әдемі қабықша болып піседі) осы қоспаны нандардың үстіне жағып шығыңыз. аскөктен сеуіп қойыңыз. енді, противень не болмаса табаның үстіне арнайы майлы қағаздан төсеп, оның үстіне нан тілімдерін қойып 180С духовкада нанның үсті қызарғанға дейін пісіріңіз. Сорпа немесе ыстық кофемен бірге сервис жасаңыз.