Рецепт марқұм украин көршіміз тётя Женядан алынған болатын.
1 үлкен қырыққабатты борщқа тұрағандай етіп тұраңыз. 2-3 сәбізді үккіштен өткізіңіз. Қырыққабатты тегешке қойып тұралған қырыққабатты соған қойыңыз. Үстінен сәбізді қойыңыз. 1 ас қасық тұз салып, қолмен араластырып езіңіз. Қырыққабаттың суы шыға бастағанда, 3 литрлік банкаларға нығыздап орналастырыңыз. Оқтаумен немесе ұзын ағаш қасықтың сабымен қырыққабаттың ортасынан банканың түбіне дейін тесіңіз. Банкалардың ауызын жаппай бәрін бір тегешке тізіп, үстін жабыңыз да жылы жерге қойып қойыңыз. Кем дегенде 3 күн тұруы керек. Анда-санда банкаларды тексеріп тұрыңыз, ашыған қырыққабаттан шыққан су тесікті жауып тастаса, тесікті ашып тұрыңыз. Қырыққабаттың жартылай сулы болуын қаласаңыз, су толығымен шықпай тұрып банкалардың ауызын жауып, салқын жерге шығарыңыз.