Осыдан 1 ай бұрын Ядыкар курстасым Лондонға кетер алдында жол-аяқ ырымын жасап басымызды қосқан еді. Сол күні Силк Уэй Ситиге барып «Рататуй» мультигін тамашалаған болатынбыз. Ертеңіне рататуйдың рецептін іздеп интернетті бір шолып шықтым: мультик жайлы өз ойын жазбаған адам қалмаған сияқты – бәрі бір ауыздан мультиктің қаншалықты керемет екенін айтуда. Елдің бәрі бірін бірі қайталағаннан ба, әлде мультиктегі месседж маған құпия болып қалғаны ма.. – Маған Мультик Оңша Ұнамады! Әсіресе тышқандардың жаппай ас үйге топырлап кіргендері, кемпір оқ атқан кезде төбеден жұмырап түскендері… үффффф..қандай жиркенішті! Мультикте бір ұнағаны – басты кейіпкер Ремидің «маңыздысы – тамақ жеу емес, тамақтың жақсы дайындау мен дәмдердің бір-бірін толықтыруы» + оның ұстазы Саркозидің «кім де кім болса – тамақты дайындай алады!» деген түсінігі еді. Мультик рататуйдың жарнамасын жақсы жасағаны анық! Мен сияқты үйге келе салып рататуй жасап көргісі келген қаншама адам болған шығар. Шіркіііін, бауырсақтарымызды осылай біреу қолға алса ғой.. немесе қуырдақты ;)
Өткен демалыс күні Толғанай бастауымен қонаққа келген қыздарға Ruth Sirkis тәсілімен рататуй жасап бердім! (Қыздар, келгендеріңізге көп рахмет!)
– 2 орта кәді (баклажан)
– 1 үлкен цуккини
– 2 орта үлкендігіндегі қызыл тәтті бұрыш
– 2 орта үлкендігіндегі жасыл бұрыш
– 1 үлкен сары бұрыш
– 4 сарымсақ тісі
– 2 ас қасық зәйтун майы
– 3 қызынақ
– жарты ас қасық ащты томат пастасы
– аздап насыбайгүл (базилик)
– тұз, қара бұрыш
Кәдіні жартылай аршыңыз. Ширектеп тұраңыз да, тұзды суға жібітіп қойыңыз. Цуккини мен тәтті бұрыштарды да осылай тұрап, ыдысқа қойыңыз. Кәдіні судан шығарып, қалған көкөністерге қосыңыз. Аздап зайтун майын қосып араластырыңыз. Сарымсақты аршымай, көкөністерге жуып қосыңыз.
Ыдысты алдын ала қыздырылған духовкаға көкөністердің үсті қызарғанға дейін, 20 минутқа қойып пісіріңіз. Анда санда араластырып тұрыңыз. Қызанақтарды да ширектеп тұрап, ащты томат, тұз бен бұрышпен бірге рататуйға қосып араластырыңыз да, үстін фольгамен жауып 170С ыстық духовкада 30-45 минут пісіріңіз. Фольганы алып тастап, тагы 20 минуттай пісіріңіз. Талғамыңызға қарай насыбайгүлмен сәндеңіз.