асқабақ пісірмесі

Асқабақтар сезонымен, аспаздар! Алдымыздағы бірнеше апта бойы бақшамыздағы асқабақтарды пайдаға жарататын боламын. Сондықтан асқабақ қосылған мәзірлеріңіз болса бөлісіңіздер – қуана жасап көремін.

Қазір сағат түнгі 12:40. Апта соңы жасап көргім келген бір асты жасап көріп, оны духовкаға қойып, енді аман-есен пісуін күтіп отырмын. Уақытты пайдаланып рецептін жазып қояйын дедім (уорпресс ашылмай тұрса да, www.vtunnel.com арқылы кіріп, ескі жазбамның кодын көшіріп жазып отырмын. Өкініштісі, сурет іле алмайтын сияқтымын. Тамақтардың суреттерін уордпресс ашылғанда ілермін, бұйырса).

  • 3 картоп
  • 500 гр шамасында асқабақ
  • 1 пияз
  • жарты үлкен қырыққабат
  • 2 жұмыртқа
  • жармақ ұнтағы
  • 50 гр сары май
  • тұз бен бұрыш

Картопты аршып, асқабақпен бірге суға пісіріп алыңыз. Езіп пюре жасаңыз. Суытыңыз. Табада май қыздырып, жұқалап туралған пияз бен тура солай жұқалап етіп туралған қырыққабат қосып қуырыңыз. Тұз бен бұрышты талғамыңызға қарай қосыңыз. Аздап суыған асқабақ пюресіне сары май қосып, жұмыртқа жарып араластырыңыз. Енді (пюреңіздің сұйықтығына қарай) жармақ қосыңыз. Мен 6 ас қасық қостым. Табаны майлап, пюренің жыртысын құйып, оның үстіне қырыққабат қуырмасын қойып, қайтадан пюремен жабыңыз. Қалауыңызша үстіне майонез немесе қаймақ жағыңыз.

Posted in ***, Көкөніс тағамдары | Пікір қалдыру

духовкада піскен қарақұмық пен тауық

Соңғы кездері уордпресс дұрыс істемей жүр. Біресе ашылып, біресе ашылмай қалады. ҚЗ бойынша қайтадан жауып тастамаса болғаны. Әлде бұл проблема менде ғана ма.. Қазір ашылып тұрғанын пайдаланып тездетіп соңғы пісіргеніммен бөлісе кетейін. Қарақұмық пен тауық. Былай айтқанға рецепт жаңа (немесе күрделі) болып саналмайды. Бар өзгешелігі духовкада дайындалуында. “Оңай әрі тез” сериясынан десем қателеспеспін. Қарақұмық тауық майына піскені үшін өте “нежный” әрі “сочный” болып піседі. Ұнады.

  • 1 стакан қарақұмық
  • жарты тауық еті
  • 1 пияз
  • 1 сәбіз
  • шамамен 0,5 литр су
  • 1 түйір сарымсақ
  • тұз бен бұрыш

Қарақұмықты тазалап, жуып алып, тұзды суға 5 минутатй пісіріңіз. Пісірмей жасауға да болады негізі мен осы жолы пісіріп жасадым. Қарақұмық пісіп жатқан кезде, табаға май құйып туралған пияз бен үккіштен өткізілген сәбізді кезек кезегімен қуырыңыз. Майдалап туралған сарымсақ қосыңыз. Араластырып астын өшіріңіз. Енді осы табаға (егер табаңыз духовкаға қоюға жарамсыз болса, онда басқа ыдысты қолданыңыз) жартылай піскен қарақұмықты суымен бірге салыңыз. Қарақұмықтың үстіне туралған тауық етін қойыңыз. Қалауыңызша тұздап, қара бұрыш қосып қойыңыз. Табаның бетін фольгамен жауып, 200С ыстық духовкада 1 сағаттай пісіріңіз. 1 сағатта қарақұмықтың суы тартылып, тауық пісетін болады. Тауықтың еті қызарып піссін десеңіз, табаның бетін ашып тағы 5-10 минуттай пісіріңіз. Қалауыңызша дайын қарақұмық жармасына сары май қосып аралстырыңыз. Ас болсын.

Posted in Гарнир мен соустар, Ет тағамдары | 7 пікір

суши: қызыл балық, қияр мен жұмыртқа

I am back! Жұмыс әлі де көп, бірақ кем дегенде бір ретке келген сияқты. шүкір. Бүгін сушиге мен сияқты құмар жандарға Алматыда жақсы бір жер рекоммендегім келіп тұр – “Сакура” кафесі! 1000 теңгелік жап-жақсы 3 түрлі бентолары бар. Әр бентоның құрамына суши, сорпа (кукси немесе теңізөнімдерінен), қуырылған картоп пен қуырылған балық (немесе тауық) еті және салат кіреді. Әзірге бұл кафені екі-ақ жерден көрдім – Розыбакиевтағы Мегада және Төле би-Байзаков көш. қиылысында. Ашылғандарына 1-ақ жылдай болды. Халал. Солай. Өкініштісі үйге тапсырыс беруге болмайды. Тәулік бойы да жұмыс істемейді. Түннің бір уақытысында суши жасау керек болғанда “қап” деп қалады екенсің. Өткенде ұйқылы-ояу жасағанымызда төмендегідей суши/кимбап аралас бір нәрсе болып шықты. Суши – өйткені балық бар, кимбап – өйткені кунжут майы қосылған.

  • нори жапырағы
  • тұзсыз суға піскен күріш
  • қызыл балық
  • қияр
  • соя соуы
  • жұмыртқа

Алдыменен күріш пісіріп алдым. Кунжут майын қосып араластырдым. Сосын жұмыртқаға жарты 1 ш.қ шамасында соя соусын қосып араластырдым дағы майға пісіріп алдым. Қызыл балық пен аршылған қиярды ұзынша етіп тұрадым. Нори жапырағын аздап кунжут майымен майладым. Нори жапырағына күріш, күріштің үстіне қызыл балық, қияр және туралған жұмыртқа қойып бәрін орадым. Өткір  пышақпен турау керек. Жазып отырып, қайта суши жегім келіп кетті. Ең қызығы, сушидің тек бірнеше түрін ғана жей аламын. Сонда да суши мен үшін түннің-бір-уақытысында болса да, жасап-жеуге тұратын тағам түрі.

Posted in Балық тағамдары | 2 пікір

сүзбелі маффиндер

Уах, жаңа ешнәрсе пісірмегеніме қандай көп болған. Қу тіршілік! Бұзылуға бет алған сүзбе болмаса, бүгін де ешнәрсе жазылмас еді аспаздыққа. Иә, иә.. сүзбенің обалына қалмау үшін бүгін тездетіп одан бірнәрсе пісіруім керек болды. Көп ойланбай, маффин дайындадым. Қантты аздау қосқаным болмаса, дәмді болған сияқты. Таңғы асқа, қасына бал қосып жегенге жақсы дүние болып шықты. шүкір. Аспаздыққа қант мөлшерін көбейтіп жазайын, ендігіде жасағанымда есімде болатындай.

  • 150 гр сары май
  • жарты стакан қант
  • 200 гр сүзбе
  • 2 жұмыртқа
  • 1 стакан ұн
  • разрыхлитель
  • қара мейіз

Майды микротолқынды пешке қойып ерітіңіз. Ыстық майға қант салып, қант ерігенше араластырыңыз. Жұмыртқаларды қосыңыз. Ұн мен разрыхлительді аз аздан қосыңыз. Ең соныңда аздап ұн себілген мейіздерді қосыңыз. Арнайы маффин ыдыстарды жартылай толтырып, 170-180С ыстық духовкада пісіріңіз. Піскен маффиндерді суытып, үстіне қант пудрасын себіңіз. Ас болсын!

п.с.: Соңғы кезде өте-мөте busy болғаным үшін, аспаздыққа біраз уақыт жаңа нәрсе қосылмайтынын ескерткім келеді. Жұмыстарымды бітіре салысымен асүйіме ораламын. Сөз!

Posted in маффиндер | 3 пікір

майлық орау: жарты гүл

Қызылордаға барып келдім. Бұрындары барған күні немесе ертеніңе қайтатынмын, бұл жолы бақандай 4 күн болып қайттым. Осы жолғы Қызылорда үлкен масаларымен, тұзды суымен, ыстық күнімен есімде қалмақ. Сосын “таксилер қаласы” болып көрінді сыр елі бұл жолы. Такси саны (кәдімгі такси “шапкасы” бар көліктер) өте көп. Көп болғанымен бағасы арзан емес деді қызылордалықтар маған.

Қызылордадағы бір рестораннан жоғарыдағыдай майлық орау тәсілін үйреніп келдім. Сәнді әрі оңай. Қағаз майлықпен де жасауға келетіні ұнады. Төменде майлық ораудың бұл тәсілін қадам-қадам көрсетіп тұрмын. Түсініксіз жерлер болса, сұраңыз.

Posted in * қолөнер | Пікір қалдыру

қытай десерті: карамельді алма

Бүгін HSBC интернет банкинг арқылы ешқандай қосымша комиссиясыз үй телефоны үшін төлеуге, Актив/Кселл абоненттерінің балансын толтыруға болатынын естіп үйреніп алдым. Тіпті төлеп те көрдім – жақынымның соткасына 2000 теңге жіберіп.. Әттең дегенде оның нөмерін дұрыс жазбаппын =( Кселл қызметіне хабарласып едім, э-пошта арқылы дұрыс нөмерді көрсетіп + жеке куәлік көшірмесімен бірге өтініш жазып жіберуімді сұрады. Жібердім. Көп кешіктірмей ақшаны дұрыс нөмерге аударып берді. Үйден шықпай баланс толтыруға, қате жасап оны жөндеуге не бары 15 минутым кетті. Деймін да, дамыған елдерде барлық нәрсені интернет арқылы төлейтіндерін/шешетіндерін естіп таң қалушы едік, бүгін өркениеттің осындай жақсылығы бізге де жеткеніне көзім жетіп қуанып қалдым! ^_^

 

Бүгінгі күнімнің жаңалықтары қатарына тағы карамельді алмаларды қосуға болады. Мұндай алмалар қытайдың дәстүрлі десерті болып саналады. Алғаш рет Ядыкардың туған күнінде жеп көріп, ұнатқан болатынмын. Кейін де (бірден көп жей алмасам да) десерт ретінде көңілімнен шығып жүрді. Қысқасы, тәуекел деп бүгін карамельді алмаларды өзім де жасап көрдім.  Карамельдің тез қататыны болмаса, жаман шықпаған секілді ^^

  • 3 ас қасық ұн
  • 1 жұмыртқа
  • 2 ас қасық мұздай су
  • 2 алма (үлкен емес)
  • 2 ас қасық кунжут майы
  • кунжут пістесі
  • 3 ас қасық қант
  • қуыру үшін сұйық май

Ұн + жұмыртқа + мұздай су араластырыңыз. Алмаларды аршып, ортасын алып тастаңыз да, орта үлкендіктегі тілімдерге тураңыз. Алмаларға аздап ұн сеуіп,  жұмыртқа қоспасына қосып араластырыңыз. Қоспа алма тілімдерінің барлығына жағылуы керек. Енді сұйық майды жақсылап қыздырыңыз да, алмаларды қуырып алыңыз. Қуырылған алмаларды қағаз майлық үстіне түсіріңіз. Бөлек табаға кунжут майына қант ерітіңіз. Қант толығымен еріген кезде, майға кунжут пістесін, біраздан сон алма тілімдерін қосып араластырыңыз. Бұл десертті ыстықтай жеген жақсы. Қытайлар карамельдің тіске жабыспауы үшін, ыстық алма тілімді алдыменен суға батырып жейді. Ас болсын!

Posted in Десерт | 5 пікір

коржиктер

Балалық шағымыздағы “коржиктер”. Қамырдың тегіс болмауы печеньені таңертең асығыс жасағанымның “кесірі”. Шәйға керемет дүние.

  • 200 гр сары май
  • 2 ас қасық қант
  • 100 гр қант пудрасы
  • 1 жұмыртқа
  • 1 ас қасық қаймақ немесе майонез
  • 3 стакан шамасында ұн
  • разрыхлитель

Алдыменен қант+қант пудрасы мен майды жақсылап араластырыңыз. Жұмыртқа мен қаймақ қосыңыз. Енді ұн+разрыхлитель қоспасын аз-аздан қасып қамыр илеңіз (ұн сапасына қарай, мөлшері 3 стаканнан аз немесе көп болуы мүмкін). 30 минутқа тоңазытқышқа қойыңыз. Қамырды жайып, қалаған формада коржиктерді жасаңыз. Үстіне қант себіңіз. 180С ыстық духовкада асты аздап сарғая бастағанға дейін пісіріңіз.

Posted in Печенье | 8 пікір